Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Офицерлер жиналысы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің

2023 жылғы « 06 » қаңтардағы

№  7  бұйрығымен бекітілген

Ішкі істер органдарында офицерлер және полицейлер жиналыстарын

ұйымдастыру туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықты, сондай-ақ ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту мақсатында  ішкі істер органдарының барлық бөліністерінде (бұдан әрі – ІІО) офицерлер мен полицейлер жиналыстары құрылады.

2. Офицерлер жиналысы – ІІО-ның беделін сақтауға және нығайтуға, орта және аға басшы құрам қызметкерлерінің қызметтік тәртібін нығайтуға, кәсіби және рухани-адамгершілік тәрбиесінде басшыларға көмек көрсетуге, оларға моральдық, кәсіби және психологиялық қолдау көрсетуге арналған ұжымдық қызметтің тұрақты жұмыс істейтін органы.

3. Полицейлер жиналысы – ІІО-ның беделін сақтауға және нығайтуға, қатардағы және кіші басшы құрам қызметкерлерінің қызметтік тәртібін нығайтуға, кәсіби және рухани-адамгершілік тәрбиесінде басшыларға көмек көрсетуге, оларға моральдық, кәсіби және психологиялық қолдау көрсетуге арналған ұжымдық қызметтің тұрақты жұмыс істейтін органы.

2-тарау. ІІО-да офицерлер және полицейлер жиналыстарын

ұйымдастыру тәртібі

4. Офицерлер (полицейлер) жиналысында төраға, орынбасар, хатшы және оның мүшелері (жалпы саны сегіз адамнан) болады.

Төраға, оның орынбасары, сондай-ақ офицерлер (полицейлер) жиналысының мүшелері офицерлердің (полицейлердің) жалпы жиналысында құқық қорғау қызметінде кемінде он жыл жұмыс өтілі бар, лайықты беделге ие және ұжымда жағымды жағымен сипатталатын, жоғары моральдық-адамгершілік және кәсіби қасиеттері бар ІІО қызметкерлерінің арасынан ашық дауыс беру арқылы сайланады.

Жеке құраммен тәрбие жұмысына жауапты құрылымдық бөліністің қызметкері офицерлер (полицейлер) жиналысының хатшысы болып табылады. Офицерлер (полицейлер) жиналысы хатшысының дауыс беру құқығы жоқ.

Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының құрамы хаттамамен ресімделеді, хатшы қол қояды және ІІО басшысы бекітеді.

5. Офицерлер (полицейлер) жиналысының қызметіне басшылықты төраға, ол болмаған жағдайда – орынбасары жүзеге асырады.

6. Офицерлер (полицейлер) жиналыстары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы», «Ішкі істер органдары туралы» Заңдарына, Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің әдеп кодексіне, сондай-ақ ІІО-ның қызметін регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

7. Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының қызметі мынадай қағидаттар:

заңдылық пен әділеттілік;

ашықтық және айқындық;

ізгі ниеттілік;

қатардағы, кіші, орта және аға басшы құрамындағы адамдар арасындағы қарым-қатынастардағы өзара сыйластық бойынша жүзеге асырылады.

8. Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының міндеттері:

қызметкерлерде моральдық-психологиялық орнықтылықты, тәртіпті, Антқа және қызметтік борышқа адалдықты, тапсырылған учаске үшін жауапкершілікті, қызметтік әдеп пен мәдениет нормаларының сақталуын, әріптестер мен азаматтарға тілектестікпен және құрметпен қарауды қалыптастыру;

қызметтік жұмыс нәтижелерін арттыру;

қызметкерлерге моральдық-психологиялық қолдау көрсету;

ұжымды біріктіру;

тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету;

қызметкерлердің кәсіби деформациясының алдын алу;

қызметкерлердің белгілі бір заң бұзушылықтар немесе теріс қылықтар жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.

9. Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының функциялары:

ІІО-ның басшыларына жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыруға, тәртіп пен заңдылықты нығайтуға көмек көрсету;

офицерлер (полицейлер) жиналыстарының мүшелерімен жеке жұмыс жүргізу;

қызметкерлерді тыңдау және проблемалық мәселелерін шешуге көмек көрсету;

жеке құрамға практикалық, консультациялық және әдістемелік көмек көрсету, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға көмек көрсету;

ІІО-ның басшылығына қызметкерлерге көтермелеу, қоғамдық ықпал ету немесе жазалау шараларын қолдану туралы қолдаухат енгізу;

қызметкерлер арасындағы жанжал жағдайлары, дөрекілік, адамның қадір-қасиетін қорлау, қызмет бабын теріс пайдалану, қызметтік тәртіпті бұзу, қызметте, тұрмыста, қоғамдық орындарда лайықсыз мінез-құлық фактілерін қарау;

қызметкерлерге құрмет көрсету, жаңа қызмет орнына (жоғары лауазымға тағайындалған жағдайда), сондай-ақ еңбек сіңірген демалысқа салтанатты шығарып салу бойынша іс-шараларды ұйымдастыруға қатысу;

офицерлер (полицейлер) жиналысының атына келіп түсетін хаттарды, өтініштерді, ұсыныстарды қарау, қызметкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдауды жүзеге асыру;

офицерлер (полицейлер) жиналыстары шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асыру.

10. Офицерлер (полицейлер) жиналысының төрағасы:

жалпы басшылықты жүзеге асырады;

жиналыс қызметінің негізгі бағыттарын анықтайды;

отырыстарды өткізу орны мен уақытын айқындайды;

жеке мәселелерімен жүгінген қызметкерлерді және олардың отбасы мүшелерін қабылдайды;

жиналыстарда қабылданған шешімдерді іске асыру бойынша жұмысты жүргізеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді.

11. Офицерлер (полицейлер) жиналысы төрағасының орынбасары төрағаның тапсырмаларын орындайды және ол болмаған жағдайда оның міндеттерін атқарады.

12. Офицерлер (полицейлер) жиналысының хатшысы:

офицерлер (полицейлер) жиналысының жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

офицерлер (полицейлер) жиналысының мүшелерін жиналыстың орны, уақыты, күн тәртібі туралы хабардар етеді;

офицерлер (полицейлер) жиналысының мүшелеріне отырыстарда талқыланатын мәселелер бойынша материалдар жібереді;

күн тәртібін, отырысқа қатысушылардың тізімін дайындауды, хаттаманы жүргізуді және ресімдеуді қамтамасыз етеді;

хат алмасуды жүргізеді, отырыс хаттамаларын және атқарылған жұмыс туралы анықтамаларды ресімдейді;

офицерлер (полицейлер) жиналыстарының қызметі туралы номенклатуралық істерді ресімдеуді, жүргізуді және есепке алуды қамтамасыз етеді.

13. Офицерлер (полицейлер) жиналысының мүшелері:

отырысқа енгізілген мәселелерді дайындауға, қарауға және іске асыруға қатысады;

жиналыстың жұмысы бойынша ұсыныстар енгізеді;

офицерлер мен полицейлер ұжымдарында қолайлы және ізгі ниетті ортаны, өзара сыйластық пен субординация сақтауға жан-жақты ықпал етеді;

қызметтегі, жеке мінез-құлқындағы кемшіліктері, олқылықтары үшін кез келген қызметкерге немесе басшыға қатысты өз пікірін білдіреді; Заңсыз қудалау, сын айту фактілері болған кезде жиналыстарда қарау үшін жазбаша өтініш береді.

басшыларға ұжымшылдықты нығайтуға, офицерлер және полицейлер ортасында өзара көмек көрсетуге ықпал етеді;

кәсіптік және құқықтық білімдерін жетілдіру, жалпы дүниетанымы мен мәдениетін кеңейту бағытында үздіксіз жұмыс жасайды;

жиналыстың беделін нығайтады және барынша қолдайды;

жиналысқа жүктелген міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етеді;

жиналыс өткізетін барлық іс-шараларға қатысады, оның шешімдерін және тапсырмаларын орындайды.

14. Қажет болған жағдайда офицерлер (полицейлер) жиналысы отырысқа ІІО-ның мүшелері болып табылатындығына қарамастан, оның қызметкерлерін, сондай-ақ мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдерін, сарапшыларды, мамандарды, ғалымдарды және өзге де мүдделі адамдарды шақырады.

Шақырылған адамдар қаралатын мәселелерді талқылауға қатысады және өз ұсыныстарын енгізеді.

15. Офицерлер (полицейлер) жиналыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және егер оған мүшелердің жартысынан астамы қатысқан жағдайда заңды болып саналады.

16. Офицерлер (полицейлер) жиналыстарына ІІО-ның уәкілетті басшысы немесе оның кадр және тәрбие жұмысына жетекшілік ететін орынбасары шақыруы мүмкін.

17. Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының шешімдері жиналысқа қатысқан мүшелердің жалпы санының көпшілік дауысымен, немесе көпшіліктің талап етуі бойынша жабық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға қатысып отырған мүшелердің жартысынан астамы дауыс берсе, заңды деп есептеледі.

Дауыстар тең болған кезде шешуші дауыс құқығына төраға, ал ол болмаған жағдайда  – отырыста төрағалық етуші төрағаның орынбасары ие болады.

Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бейне сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.

Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған хатшы мен төраға қол қояды.

Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

18. Офицерлер (полицейлер) жиналыстары төрағасының шешімі бойынша жиналыста талқыланатын мәселелер жұртшылықтың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізілуі мүмкін.

19. Тәртіптік заң бұзушылықтарды қарау нәтижелері бойынша офицерлер (полицейлер) жиналыстары мынадай ықпал ету шараларын ұсына алады:

ескерту;

айыптау немесе сын;

офицерлер (полицейлер) жиналысының алдында қандай да бір теріс қылық жасаған қызметкердің көпшілік алдында кешірім сұрауы;

қызметкерге сенімсіздік білдіру;

тәртіптік сипаттағы шараларды қолдану туралы басшылыққа қолдаухат.

20. Офицерлер (полицейлер) жиналыстарының қызметін ұйымдастыруды бақылау бастықтардың кадр және тәрбие жұмысына жетекшілік ететін орынбасарларына жүктеледі, олар тоқсан сайын олардың қызметін тексеруді жүзеге асырады.

Тексеру нәтижелері бойынша бастықтардың кадр және тәрбие жұмысына жетекшілік ететін орынбасарлары уәкілетті басшыға офицерлер (полицейлер) жиналыстарының мүшелерін көтермелеу не жазалау туралы ұсыныстар енгізеді.