Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Өткен мен бүгіннің сабақтастығы

24.03.2017

Қаһарлы қысты артқа тастап, күлімдеген көктемнің жаймашуақ, жылымық күндерімен де қауыштық. Дәл қазіргі сәт жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер кезі емес пе?! Сонда да күресінге толы өмірдің мезгілге қарамасы анық. Үздіксіз қозғалыс, даму, өсу, өркендеу, тағысын тағы айта берсең көп. Көктемнің алғашқы мерекелері тойланып, күндер кезекпен кезек сырғып жатыр. Барлығы да ауыз толтырып айтарлықтай өз дәрежесінде аталып өтті. Соның бірі, әрі бірегейі үстіміздегі жылдың наурыз айының 17 жұлдызында Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының І курс курсанттарының басшылары полиция майоры Н.Қажығалиев пен полиция капитаны Ш.Ельтаевтың жетекшілігімен ана тілін ұлықтап, қазақ тілінің қадір-қасиетін арттыру мен қолданылу аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырған «Қазақ тілі – ана тілім» атты мерекелік іс-шарасы болды. Аталған іс-шараға курсанттар түгел дерлік қатысты. Төл тіліміздің бүгінгі дәрежеге жетуі оңай болмағаны баршаға аян. Талай ғасырды артқа тастап, небір бұралаң жолдардан өтіп, өз бойына 42 әріпті жинады. Ал қазақ әліпбиін қалыптастыру жолында қазақ зиялылары тағдырдың бұрқасындарын бел ортасынан басып, бар ғұмырларын арнаған. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынов сол тізімдегі қазақ зиялы қауым өкілдерінің бірі. Ол тұңғыш «Төте жазуды» қалыптастырған. Төте жазу қалыптасқанға дейін қазақтың төл жазуы болмаған. Қазіргі қазақ қаріптері осы төте жазудан бастау алған. Тілдің өткенімен жас буынды хабардар ету, аз да болса тарихтан сыр шертетін деректерді олардың санасына сіңіру мерекелік іс-шараның басты мақсаттарының бірі болатын. Іс-шарада курсанттар өздерін барлық қырынан таныта білді. Мерекенің мерейін қазақтың әуелеген патриоттық әні, Құрмағазының күмбірлеген күйі, мың бұралған бишілердің орындауындағы «Қара жорға» биі, ғұмырының соңғы жылдарын көз майын тауысып, ұлтына өмірлік азық қалдыруға жұмсаған қара маржанның иесі Ұлы Абайдың «Қара сөздері», Нарынқолдың қара нары, Алатаудың ақиығы Мұқағали, ұлт жанашыры Мұхтар Шахановтың тағы да басқа қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өлең-жырлары, сонымен қатар, өздерін белсенділігімен танытып жүрген талапты әрі талантты курсанттардың «Туған жердің қадірі» атты шағын ғана қойылымы жоғары деңгейге көтерді. Мерекелік іс-шара соңында институт бастығының сап жөніндегі көмекшісі полиция полковнигі Қ.Манапбаев курсанттардың ұйымдастырушылық деңгейіне жоғары баға беріп,  еңбектерінің жемісті әрі жеңісті болуына, оқуда озат, жұмыста толағай табыстарға жетулеріне тілектестігін білдірді. Бұдан былай да оқу мен өнерді қалыпты деңгейде ұстап, әрі қарай белсенділік таныта берулерін тілге тиек етті. Іс-шараның шымылдығы дәстүрге айналған «Атамекен» әніне орындалған хормен жабылды. Әннің де құдіреттілігі болар,  «Атамекенді» шырқағанда қазақтың ұлан-ғайыр атырабын, көк жүзінде еркін қалықтаған қыраны бар бейбіт елді елестетпеу мүмкін емес. Көрермендерге арғы-бергі тарихтан шолу жасап, көтеріңкі кеш сыйлай білген мерекелік іс-шара өз нәтижесін осылай көрсетті.