1.06.2026
Институтта «Мықты тән – мықты рух» жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бастамасымен қолға алынған және жас ұрпақтың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге, сондай-ақ патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған. Аталған жоба шеңберінде «Жас сақшы» кадет сыныптарының оқушыларымен тұрақты түрде жұмыс жүргізіп, олардың физикалық, моральдық-психологиялық және әскери-қолданбалы дайындықтарына ерекше көңіл бөліп келеді.
2026 жылғы 1 маусымнан бастап 10 күн бойы Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназия базасында «Жас сақшы» кадет сыныптарының оқушыларына арналған жазғы лагерь ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға біздің институттың қызметкерлері белсенді түрде қатысып, лагерь бағдарламасының мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне өз үлесін қосты.
Лагерь барысында да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, балалардың тәртіптілік, төзімділік, жауапкершілік және Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін қалыптастыруға баса назар аударылды. Институт қызметкерлері мен оқытушылары жас сақшылардың әрбір жетістігін қолдап, олардың жан-жақты дамуына ықпал ететін тәрбиелік жұмыстар ұйымдастырды. Осындай бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде оқушылар өз білімдерін жетілдіріп қана қоймай, азаматтық ұстанымы берік, дені сау, рухы мықты тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік алды.
Алдағы уақытта да институт пен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, «Жас сақшы» кадет сыныптарының қызметін дамытуға, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге және олардың жан-жақты дамуына бағытталған ортақ жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасын табатын болады.









