Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

«ЖАЛПЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚҰРАЛДАРЫН ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

29.05.2026

2026 жылғы 29 мамырда Қазақстан Республикасы ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының Жалпы заң пәндері кафедрасының ұйымдастыруымен «Жалпы құқықтық пәндерді оқытуда жасанды интеллект құралдарын қолданудың тиімділігі» тақырыбында республикалық деңгейдегі дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – құқықтық білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдаланудың ғылыми-тәжірибелік тетіктерін талқылау, заманауи цифрлық құралдарды оқу үдерісіне енгізудің өзекті мәселелерін айқындау және курсанттардың кәсіби даярлығын жетілдірудегі инновациялық әдістердің маңызын зерделеу болды.

Дөңгелек үстел жұмысына институттың профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар мен 2-курс курсанттары қатысты. Сонымен бірге ZOOM платформасы арқылы дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы ІІМ Басқару академиясының жалпы даярлық кафедрасының, Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының жалпы заң пәндері кафедрасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының жалпы білім беретін пәндер кафедрасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының жалпы заң пәндері кафедрасының оқытушылары мазмұнды баяндамалар жасады. Баяндамаларда құқықтық пәндерді оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері, жасанды интеллект құралдарын пайдаланудың әдістемелік аспектілері және олардың білім сапасын арттырудағы рөлі жан-жақты талқыланып, баяндамамен қатысып, ғылыми пікір алмасуға белсенді атсалысты.

Іс-шараның алғы сөзін Қазақстан Республикасы ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор (доцент), полиция полковнигі Арман Сахарбайұлы ашты. Өз сөзінде ол құқықтық білім беру жүйесіндегі цифрландыру үдерісінің өзектілігіне тоқталып, жасанды интеллект технологияларын оқу процесіне енгізудің стратегиялық маңызын атап өтті. Сонымен қатар, болашақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау барысында инновациялық технологияларды тиімді пайдалану кәсіби даярлық сапасын арттырудың маңызды тетігі екеніне назар аударды.

Ғылыми пікірталас барысында қатысушылар жасанды интеллект технологияларын қолданудың артықшылықтары мен болашағы жөнінде өзара тәжірибе алмасып, құқықтық білім беру саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде ой-пікірлерін білдірді. Курсанттар баяндамашыларға сұрақтар қойып, талқылау жұмыстарына белсенді қатысты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша құқықтық пәндерді оқыту үдерісінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға бағытталған ұсыныстар қабылданды. Іс-шара жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде ұйымдастырылып, тәжірибе алмасуға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және білім беру кеңістігіндегі инновациялық бастамаларды дамытуға мүмкіндік берді.