Актюбинский юридический институт МВД Республики Казахстан им.Малкеджара Букенбаева

Қазыналы қарияға ілтипат

5.01.2024

Үлкенге құрмет көрсету қазақтың бабалардан қалған ізгі жолы, ата дәстүрі, тәрбиенің бастауы. Қай кезеңде болмасын, қай салада болмасын аға буынның өмір тәжірибесі, үлгі-өнегесі ізбасар буынға берілетін үлкен өмір мектебінің сабағы болып қалады.   

Ішкі істер органдары ардагерлерінің де ішінде жүріп өткен еңбек жолдары жас полицейлерге халық пен мемлекеттің сенімін ақтап, өз қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқаруға жөнсілтер болатындай тұлғалар да аз емес.

Осындай ардагерге деген құрмет ретінде Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының құрылған күнінен бастап өркендеуіне, оқу орнының кадрлық әлеуетін көтеріп, сапалы мамандармен толықтыруға  айтарлықтай үлес қосқан полиция полковнигі Лаукенов Дүйсен Ашировичті институт басшылығы жаңа жылымен құттықтап, сый-сияпат жасап, ілтипат көрсетті.

Ішкі істер органдарының ардагері полиция полковнигі Лаукенов Дүйсен Аширович Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай жоғары мектебінің  Ақтөбе филиалында 1996 жылы ең алғаш ашылған күннен бастап қызмет атқарып, 2004 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Ақтөбе  заң колледжі бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымынан зейнетке шықты. Бүгінде құрметті ардагер отбасында немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Институт бастығының орынбасары полиция полковнигі С.И.Қаракүшев ардагерге жас мамандарды тәрбиелеуде өз тәжірибесімен бөлісіп, көрсеткен қолдауына ризашылығын білдіріп, барша әріптестердің атынан зор денсаулық тіледі.

Дүйсен Аширович те көрсетілген құрмет үшін институт басшылығына алғысын жаудырып, жеке құрамға құттықтау лебіздерін арнады. Қызметтес болған әріптестерін еске алып, жұмыс барысында өткерген жылы естеліктерімен де бөлісті. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын деп, жаңадан зор үміт күтетін дана халқымыздың амандығы үшін бейбіт күнде өз өмірлерін қатерге тігуге әрқашанда дайын тәртіп сақшыларының күнделікті еңбектеріне табыс пен абырой тілеп, жақсы көңіл күймен қоштасты.