17.12.2021
2021 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты еліміздің ұлттық мерекесі 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.
Салтанатты кешті институт бастығы полиция полковнигі Алтай Бисенұлы Байсұлтанов құттықтау сөзімен ашты. Ол қазіргі таңда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатымен, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп отырған барлық саладағы оң бастамалары халқымыздың жарқын істерімен жалғасын тауып, биіктіктерді бағындыруы барлық адамдардың сүбелі үлесі екендігін атап өтіп, барша жиынға қатысушылардың еңбектеріне табыс пен сәттілік тілей отырып, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің және институт бастығының құқығымен берілген мадақтамалар және алғысхаттармен институт қызметкерлерін, институттың қоғамдық өміріне белсене араласып, білімі және үлгілі тәртібімен көрінген курсанттарды марапаттады.
Бірнеше қызметкерлер төсбелгілерге және кезекті арнаулы атақтарға ие болды. 12 курсантқа арнайы «кіші сержант» атақтары берілді. Ұзақ жылдар бойы институттың өркендеуіне еңбек сіңірген сала ардагерлері қазақстандық ІІО Ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен және төсбелгілермен марапатталды.
Осындай айтулы мерекеде институтымыздың түлегі, қызмет борышын өтеу кезінде қаза тапқан Кенжалин Рүстемді құрметпен еске алып, институт бастығы А.Б.Байсұлтанов оның отбасына сыйлық табыстады.
Мерекелік шараға арнайы шақырылған қонақтар институт қызметкерлерін құттықтап, жақсы жетістіктерімен көзге түскен қызметкерлерге алғысхаттар табыстады.
Ауған соғысының ардагері, «Ақтөбе облысы Ауған соғысының ардагерлері» ассоциациясының төрағасы Марат Айтуғанұлы Қойлыбаев институт ұжымына мерекелік құттықтауын арнады.
Оқу орнымыз колледж болып құрылған сәттен алғаш болып басқарған, ішкі істер органдарының құрметті ардагері Х.К.Сүлейменов пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы В.А. Сюняков те өз мерекелік құттықтау сөздерін арнады.
Мерекелік шара қалалық өнерпаздардың орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты. Ел, Отан, жер, тәуелсіздік тақырыптарында әндер шырқалды, ұлттық аспаптарда күй де ойналды, желтоқсан оқиғасына арналған көрініс көрсетілді, бірлігі жарасқан көпұлтты Қазақстанның мәдениетін паш ететін ұлттық билер де биленді.
Институт бастығы арнайы келіп, ерекше мерекелік көңіл- күй сыйлап, өнерлерімен сахнаны жандандырып, Ақтөбе қаласының мәдениет қызметкерлерін де 30 жылдық мерейтойға байланысты алғысхаттармен марапаттады.
Игі шара тәуелсіздік деген сөздің терең мағынасын өскелең ұрпақтың ой-санасына тиімді жеткізіп, оған жету жолындағы терең тарихымен мақтанып, туған елдің тілі, мәдениетіне сүйіспеншілік сезімге бөлейтін шара ретінде тағылымға толы болды.
Тәуелсіздік тұғыры биіктеп, еліміздің қанаты жайылып, төбемізде көк туымыз желбіреп, бейбіт күннің қырандары – жастарымыз самғай түскей.Тәуелсіздік таңына тәу етейік.

















