22.12.2022



Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 11 қарашадағы № 975 бұйрығымен институтта тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын алу бойынша мамандарды дайындау орталығы құрылды (әрі қарай-Орталық).
Орталықтың негізгі қызмет бағыттары арасында: оқу-әдістемелік, ғылыми – зерттеу және тәрбие жұмысы ерекшеленеді.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің бұйрығына сәйкес, орталықта учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция қызметкерлері және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері үшін оқыту ұйымдастырылады.
Орталықтың оқу-әдістемелік жұмысындағы міндеттеріне бағдарламалар бойынша тыңдаушылардың теориялық білімдерін кеңейту және тереңдету; құқық бұзушылық әрекеттеріне жедел және сауатты жауап беру үшін арнайы дағдылар мен қабілеттерді дамыту; құқықтық, тәрбие және психологиялық әсер ету; құқық бұзушылықтардың, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрінің орын алуына жол бермеуге деген сенімді қалыптастыру; зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету және қолдау, құқықбұзушыларды жауапкершілікке тарту бағытындағы ұмтылыстар жатады.
Орталықтың тыңдаушыларына сабақты институттың кафедра бастықтары, профессорлары және доценттері өткізеді. Жекелеген түрдегі сабақтарды өткізу үшін Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының басшылығы, Қазақстан Республикасы ІІМ Комитеттерінің және Департаменттерінің басшылары, сондай-ақ жетекші ғалымдар, ведомстволық және басқа жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық қызметкерлері, құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың басшылық құрамының өкілдері, құқық қорғау органдарының ардагерлері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы мамандар, сондай-ақ шетелдік сарапшылар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарға сәйкес тартылады.
Оқыту барысында білімді тексеру мақсатында тестілеу ұйымдастырылады. Оқыту аяқталған соң «шығу бақылауы» бойынша сәтті өткендерге сертификаттар беріледі.
Орталық Қазақстан Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдер мен балаларды барлық түрдегі зорлық-зомбылықтан қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеп, енгізеді.
Қоғаммен қауіпсіздікті қоғамдық әріптестіктік жасап қамтамасыз етудің 2024 – 2028 жылдарға тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының (құқық бұзушылық профилактикасы саласында) 1.7-тармағын – «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты ерте анықтау және профилактика мәселелері бойынша медициналық мекемелер мен дағдарыс орталықтары психологтарының, сондай-ақ білім беру ұйымдарының педагог-психологтарының (КБО, БҚО) құзыретін арттыру» – орындау мақсатында келісімшарттық негізде курстар өткізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі О.Бектенов төрағалығымен 2025 жылғы 23 шілдеде өткен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және психологиялық көмек көрсету, оның ішінде құқық бұзушыларға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі туралы» хаттамасының 2-тармағын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне құқықбұзушыларға психологиялық реабилитацияны қамтамасыз ету мәселесін пысықтау, оның ішінде Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты (бұдан әрі – Институт) базасында психологтарды оқыту арқылы жүзеге асыру тапсырылды.
Осыған байланысты, 2025 жылдың 10–14 қараша аралығында Институтта Ақтөбе облысының медициналық мекемелерінің психологтарына «Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуші агрессорлармен жұмыс істеу әдістері бойынша психологтарды оқыту» тақырыбында (тегін негізде) оқу ұйымдастырылды.




Ағымдағы жылдың 11–12 қараша аралығында медициналық мекемелер психологтарын оқыту кезеңінде Институттың профессорлық-оқытушылық құрамымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы Қазақстан Республикасының шақырылған сарапшылары офлайн сабақтар жүргізді. Олар: Фридрих Эберт Қорының Қазақстандағы өкілдігінің жоба үйлестірушісі Әлима Теңізбай, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ басқарма төрайымы, Алматы қалалық мемлекеттік дағдарыс орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Зульфия Байсакова және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Ринат Музафаров.
Бұдан бөлек, онлайн форматта шетелдік сарапшылар да сабақтар өткізді. Олар: Германияның Оңтүстік Пфальц өңіріндегі Ландау қаласының Прокуратурасының бұрынғы қызметкері, агрессорлармен жұмыс істейтін мамандандырылған интервенциялық орталықтың қоғаммен байланыс және біліктілікті арттыру бөлімінің басшысы, агрессорлармен жұмыс жөніндегі федералдық жұмыс тобының экс-төрағасы Роланд Хертель, Ландау қаласының полиция дирекциясының бас комиссары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғары қауіпті жағдайлары бойынша үйлестіруші Барбара Эмрих, сондай-ақ Оңтүстік Пфальц, Ландау қаласының интервенциялық орталығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қудалау құрбандарын қолдау жөніндегі превентивтік орталық бөлімінің басшысы Жайна Рабинкий-Джаналиева.
Қазақстан мен Германияның жетекші сарапшылары шетелдік елдердің тәжірибесін ескере отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл аясында психологтарды оқытты.
Оқыту келесі міндеттерді шешуге бағытталды:
1. Психологтардың адам құқықтарын сақтау, олардың мәні мен жіктелуі мәселелері бойынша теориялық білім деңгейін арттыру; адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттармен (БҰҰ Конвенциясы мен Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияны қоса алғанда) таныстыру.
2. Арнайы дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру:
– азаматтардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты шағымдарына жедел әрекет ету;
– стандартты емес жағдайларда заңға сай мінез-құлық таныту;
– құқыққа қайшы әрекеттер туралы хабарламаларға жедел әрі сауатты жауап беру;
– экстремалды жағдайларда стресске төзімділікті арттыру;
– «жұп: агрессор–жәбірленуші» методикасымен жұмыс істеу;
– қайталама құқықбұзушылық қаупін анықтау үшін психологиялық диагностика жүргізу;
– өзін-өзі қорғаудың базалық тәсілдерін меңгеру;
– агрессорлармен байланыс кезінде тәуекелдерді бағалау және азайту;
– психологиялық сүйемелдеу мен түзетудің заманауи құралдарын қолдану;
– кәсіби міндеттерді орындауға байланысты мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табу және тиімді шешімдер қабылдау.
3. Құқыққа қайшы әрекеттерді, кез келген зорлық түрлерін жасауға жол берілмейтініне сенім қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуге және қолдау білдіруге ұмтылыс қалыптастыру.
Барлығы 21 психологты оқыту жоспарланған болатын, оқытудан 21 психолог өтті және сертификаттарға ие болды.








