Актюбинский юридический институт МВД Республики Казахстан им.Малкеджара Букенбаева

«Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы жасанды  интеллекттің рөлі» атты дөңгелек үстел

30.04.2026

  2026 жылғы 30 сәуірде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы және «Ведомстволық білім беруді дамыту және озық цифрлық технологияларды енгізу арқылы ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі ҚР ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының іс-шаралар жоспары» аясында, сонымен қатар Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін арттыру, этносаралық келісімді нығайту мақсатында ақпараттық саясат бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы жасанды интеллекттің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты:  Мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асыруда жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеу, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі үлесін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді айқындау және оларды тәжірибеге енгізу жолдарын талқылау, тілдік деректерді өңдеу, автоматтандырылған аударма, сөйлеуді тану және мәтін генерациялау сияқты жасанды интеллект құралдарын мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде қолдану.

Дөңгелек үстелде Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығы директорының міндетін атқарушы Г.Н.Төлегенова «Жасанды интеллект және тіл дамыту құралдары» тақырыбында, proji.kz бизнеске арналған ЖИ (жасанды интеллект) жобасының негізін қалаушы және жетекшісі, Sunnet business technologies командасының басшысы, Google developer groups ұйымдастырушысы, Sun тұрақты даму қорының директоры С.К.Сүндетов «Цифрландырудан нақты іске асыруға дейін: жасанды интеллект құжаттарды тапсырмаларға, тәуекелдерді анықтауға және бақылау жүйесіне қалай айналдырады» атты, сонымен қатар, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті физика-математика факультетінің информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушысы, магистр А.О.Жайлыбаева  «Генеративті жасанды интеллект» туралы баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара барысында спикерлер жасанды интеллекттің мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы маңыздылығына тоқталып, қазақ тілін цифрландыру, сапалы тілдік корпустар қалыптастыру, IT шешімдерді енгізу, білім беру жүйесінде заманауи технологияларды пайдалану бағыттары бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, қатысушылар арасында пікір алмасу жүргізіліп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Дөңгелек үстел мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда жасанды интеллекттің әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығын көрсетті және алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айқындады. Шара өз мақсатына жетіп, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды, профессор-оқытушылар құрамы мен алғашқы кәсіптік даярлық курсының тыңдаушылары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып белсене қатысты.

Қорытындылай келе, дөңгелек үстелдегі талқылаулар мен айтылған ұсыныстар, көтерілген мәселелер мемлекеттік тілдің дамуына жаңа серпін беріп, оны цифрлық дәуір талаптарына бейімдеудің өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.