6.04.2022
6 сәуір Халықаралық спорт күніне орай мереке қарсаңында спортты жастарға кеңінен насихаттау мақсатында ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында білімін жетілдіріп жүрген алғашқы кәсіби даярлық курсының тыңдаушыларына каратэден КСРО, Еуропа және Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әшім Қалимен кездесу ұйымдастырылып, спорт саласының ардагеріне құрмет көрсетілді.
Дене шынықтыру кафедрасының жетекшілігімен өткен кездесу барысында офицерлер және тыңдаушылар қазақтың көк туын әлемдік ареналарда желбіретіп, әнұранымызды шырқатқан Әшім Шәріпұлымен ашық диалог түрінде сұхбат құрды.
Тыңдаушылар даңқты спортшы, білікті бапкерге көкейдегі сауалдарын қойып, бүгінгі қазақ спортының деңгейі жөнінде пікір алмасып, ой бөлісті. Кездесу қонағы өзінің спорттағы жеңісті жолы мен еліміздің спорты туралы, сондай-ақ ел тыныштығы үшін күшін сарп ететін болашақ қызметкерлерге спорттың қаншалықты маңызды екендігін айтып берді.
Әсерлі әңгімемен өрбіген кеш соңында институт бастығы Алтай Бисенович Байсұлтанов талай спортшының қанатын қатайтқан ардагерге сүбелі әңгіме үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар спорт майталманының иығына шапан жауып, алғыс хат табыс етті.











