Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

МӘҢГІ САПТА…

8.04.2019

2019 жылғы 05 сәуірде Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар елді мекеніндегі Қарабастау орта мектебінде Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2016 жылдың шілде айында Алматы қаласында лаңкестік шабуыл кезінде өзгелерді қорғау үшін кеудесін оққа тосқан полиция лейтенанты Мейрамбек Нурдиллаұлы Рахматуллаевтың ерлігіне құрмет көрсету арқылы мектеп оқушыларын Отанына адал қызмет етуге тәрбиелеу мақсатында алғашқы әскери даярлық сыныбы ашылды.

Аталған сыныпты ашу Қазақстан Республикасы  ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастамасымен институт түлегі Мейрамбек Рахматуллаевқа құрмет көрсету, өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында жүзеге асты.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ерлікпен қаза тапқан қызметкердің атына сынып ашуды қолдап, батырдың ауылына хат жолданды. Аталған бастаманы Қарабастау орта мектебінің басшысы Гүлмира Есенгелдіқызы Тулешова да қолдады. Осыған орай, әріптесіміздің есімін өшірмей, есте сақтауға мүмкіндік туғызғандығы үшін, мектеп басшылығына алғыс білдіреміз. М.Рахматуллаевтың атына білім алған мектебінде сынып ашылуы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде, отанына адал қызмет етуіне септігін тигізетіндігі сөзсіз. 

Бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған М.Рахматуллаев өзі таңдаған Ақтөбе өңіріндегі Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтын бітіріп, Алматы қаласы полиция департаментіне әрі қарай қызметін атқару үшін жолданған болатын. Институт қабырғасында алған кәсіби білімі мен патриоттық тәрбиесі қауіптің бетін қайтару үшін өз өмірін қия отырып, талай адамның өміріне төнген қауіпті тойтарды. Осындай нағыз батырлық әрекеттері арқылы Қазақстан полициясының беделін одан әрі асқақтатып, елдің шынайы қорғаны екендігін дәлелдеп кетті. 

Полиция лейтенанты М.Рахматуллаев Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 05 желтоқсандағы №382 Жарлығымен «ІІ дәрежелі Айбын» орденімен қайтыс болғаннан кейін наградталды.

Біздің кейіпкеріміздің есімі – азаматтар үшін қылмысқа қарсы күресте күн сайын полиция қызметкерлері көрсеткен ерлік, батылдық пен қайырымдылықтың сансыз мысалдарының бірі. Өз өмірінің құнын жоғалтуға қорықпай, бейбітшілік пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ұлды тәрбиелегендері үшін Мейрамбек Нұрдиллаұлы Рахматуллаевтың ата-анасына шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

ҚПжК кафедрасының

оқытушысы

полиция капитаны

З.А.Мухангалева