20.03.2026
2026 жылғы 20 наурызда ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы және ведомстволық білім беру сапасын арттыру жылы аясында іске асырылған жоба – Ұшқышсыз ұшу аппаратын басқару операторларын даярлау орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатына Ақтөбе облысының ПД бастығы полиция генерал-майоры Қ.Ж. Әлиев, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Ш.Т. Есенкелдиев, ТЖД бастығының орынбасары полковник Т.Т.Жамбауов, институт бастығы Ғ.М. Есболаев қатысты.
Ұшқышсыз ұшу аппаратын басқару операторларын даярлау орталығының негізгі мақсаты – заманауи технологияларды тиімді пайдалана алатын білікті мамандарды даярлау, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен курсанттардың ұшқышсыз ұшу аппараттарын кәсіби деңгейде басқару дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Орталықта курсанттарға, тыңдаушыларға ұшқышсыз ұшу аппараттарының құрылымы мен техникалық мүмкіндіктері, оларды басқару және қауіпсіз пайдалану ережелері, әуеден бақылау жүргізу, жедел жағдайларда қолдану, іздестіру-құтқару және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында пайдалану тәсілдері үйретіледі.
Оқу бағдарламасы үш кезеңнен тұрады: теориялық бөлім, симуляторлар арқылы дайындық және практикалық ұшулар. Оқуды аяқтаған білім алушыларға ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару операторлары деген сертификат беріледі.











