Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Чемпионның шәкірттері чемпион атанды!

7.06.2025

Ақтау қаласында ағымдағы жылғы 4-7 маусымда самбодан және жауынгерлік самбодан өткен Қазақстан чемпионатында институттың дене шынықтыру кафедрасының аға оқытушысы полиция подполковнигі, дзюдодан спорт шебері ,жауынгерлік самбодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жауынгерлік самбодан 2 дүркін Азия чемпионы, самбодан 3 дүркін Азия чемпионы, самбодан 3 дүркін Әлем чемпионатының жүлдегері Анар Сейтимованың жетекшілігімен қатысқан 1 курс курсанттары жоғары жетістіктер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Еліміздің барлық өңірінен сайдың тасындай іріктеліп келген 23 жасқа дейінгі жастардың спорт додасында біздің спортшылар жоғары дайындығы мен жеңіске деген жігерін танытып, қанжығасы майланды.
1-орынды жеңіп алып, алтыннан алқа тағынған курсантымыз
Байтурин Рамазан спорт шебері атағына қол жеткізді. Бұл үлкен жетістік – біз үшін зор мақтаныш!

Сонымен қатар әртүрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен курсанттарымыз Ажарбек Манер, Максимов Ансар, Айтмұхамет Әбілмансұр, Байтемір Перизат сынды курсанттар жүлделі 2-орын иеленіп, күміс жүлдегер атанса, Суйенғалиева Айдана 3-орынға табан тіреп, қола жүлдені еншіледі.
Осылайша тынымсыз еңбек пен төгілген тер оң нәтижесін беріп, табандылық пен шыдамдылық шыңдалды!

Жеңімпаздар мен жаттықтырушыны жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Алдағы алар асуларыңыз бен бағындырар шыңдарыңыз биік болатынына сенеміз!