Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

«Біздің есімізде…»

14.02.2018

Ақпан айының 13 күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 29  жыл толуына орай және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау, курсанттарға және тыңдаушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында  «Біздің есімізде…» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелді институттың әскери және дене шынықтыру даярлығы кафедрасы, тәрбие жұмысы бөлімі, ғылыми-зерттеу және редакциялық-баспагерлік жұмысын ұйымдастыру бөлімі бірігіп ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге Ауған соғысының ардагерлері Ақтөбе облыстық «Боевое братство» қорын құрушы және төрағасы, локалді соғысының қатысушысы Гумер Абдулвалиевич Галеев, Ауған соғысының ардагері, локалді соғысының қатысушысы Сағидулла Мұқанов, Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Елеуов, институт басшылығы және жеке құрамы қатысты.

Іс-шараны  Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығының орынбасары, полиция полковнигі  Дәулетияров Дастан Амангелдіұлы ашып, осы кездесудің мақсаты мен маңыздылығын айтып өтті.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың ауған соғысы туралы: «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» – деген ойлы сөзі бар. Ауған соғысы мақсат-міндеті, тактикасы мен бағыт-бағдары жағынан ерекше соғыс болды. Өзге елде, өзге жерде, дұшпаныңның кім екенін білмей, қырағылық пен барлау арқылы қорғану, өз еліңнің, Отаныңның саяси тапсырмасын орындау, адам төзгісіз  қиын жағдайда өмір сүру – осының бәрі сол соғысты көзбен көріп, Отан алдындағы борышын өтеп келгендер үшін  сол жылдардан қалған естеліктер. 10 жылға созылған бұл соғысқа Қазақстаннан  22 000 ер-азамат аттанған. Олардың бір мыңы Отан алдындағы борышын өтеп жүріп қаза тапса, бір мыңы мүгедек болып оралды. 20 шақтысы із-түссіз жоғалып кеткендер қатарында. Сұрапыл соғыстың зардабын көрген ардагерлер кездесуде өз ойларымен бөлісіп, көзбен көрген оқиғалары мен сол жылдардағы жағдай туралы сөз қозғап, полиция қызметкерлерінің рөліне ерекше тоқталды. Іс-шара барысында Ауған соғысы жайлы слайдтар мен кітап көрмесі ұйымдастырылып, Ауған соғысында қаза тапқандарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Дөңгелек үстел барысында тыңдаушылар ойларында жүрген сұрақтарын қойып, Ауған соғысы ардагерлерінің интернационалдық борыштары жөніндегі ерліктері және патриоттық  тәрбиелері туралы әңгімелерін тыңдады. Соғыс ардагерлері курсанттарға ақжолтай тілегін айтып, полицияның қай жерде, қай кезеңде болмасын аса қажеттілігін пайымдап, түсіндіріп, жастарға үлкен ой салып, үлгі боларлық, тағылымды дүниелер төңірегінде әсерлі әңгімелерін айтты. Кездесуде әңгіме болған тақырып тыңдаушыларды бей-жай қалдырмады.

Курсанттар мен тыңдаушылар кездесуді жанды пікірталас ретінде өткізді. Сонымен қатар, курсанттар арасында Калашников автоматын жинаудан сайыс өткізіліп, сайыс жеңімпаздары грамоталармен марапатталды.  

Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ғалия Жанабекқызы Сулейманова  іс-шараны қорытындылап, өз сөзінде Ауған соғысында қазақ жастарының Отан алдындағы борышын өтеуде көрсеткен ерліктері жайлы айтты. Осы күнде олардың ерлігін бағалап, құрметтеуге, олардан үлгі алуға шақырды. 

Ауған соғысы ардагерлері жастарға соғыссыз өмір, бақытты болашақ тіледі. Ерлік пен елдікті паш етіп, жастардың рухын көтеріп, білімге, ізгілікке, адамгершілікке баулу мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстел қатысушыларын жігерлендіріп, алдағы асуларға тағы бір серпін берді. Іс-шараны қорытындылай келе, келген қонақтарға институт бастығы алғысхаттар табыс етті.

 

 

Әскери және дене шынықтыру даярлығы кафедрасының доценті

полиция полковнигі

Қ.Үмбетбаев