Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

«Біздің есімізде…»

22.02.2017

Ақпан айы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстары үнемі өткізу дәстүрге айналған. Осы мезгілдегі өткізілетін шаралар 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне арналды.

Әскери және дене шынықтыру даярлығы кафедрасы осы бағытта шаралар ұйымдастыруда.

2017 жылдың ақпан айының 12 күні полиция капитаны Н.Сүлейменов арнайы бастапқы оқыту 11 оқу тобының тыңдаушыларымен жауынгер – интернационалисттердің ескерткішіне барып гүл шоғын қойып тағзым етті. Тағзым етуге жауынгер-интернационалисттер Гумер Абдувалиевич Галеев пен Серік Жоламанұлы Жиеналин қатысты.

2017 жылдың 14 ақпаны күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай, тыңдаушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында «Біздің есімізде…» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелді әскери және дене шынықтыру даярлығы кафедрасы, тәрбие жұмысы бөлімі, ғылыми зерттеу және редакциялық-баспагерлік жұмысын ұйымдастыру бөлімі бірігіп ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге: Ауған соғысының ардагерлері Ақтөбе облыстық «Боевое братство» қорының құрушысы, локалді соғысының қатысушысы Гумер Абдувалиевич Галеев; Ауған соғысының ардагері «Ер-Бақыт» әскери спорттық клубының төрағасы, локалді соғыстың қатысушысы Марат Айтуғанұлы Қойлыбаев; «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалының кеңесшісі Алихан Ертайұлы Ашықбаев; Ақтөбе қалалық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ислам Советұлы Алпысбаев; институт басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

Дөңгелек үстелдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты полиция полковнигі Сәлімгерей Иманғалиұлы Қаракүшев кездесудің мақсаты мен маңыздылығын айтып өтті.

Кездесу кеші барысында тыңдаушылар Ауған соғысы ардагерлерінің интернационалдық борыштары жөніндегі ерліктері және патриоттық  тәрбиелер туралы әңгімелерін тыңдап, ойларында жүрген сұрақтарын қойды.

Тыңдаушылар кездесуді жанды пікірталас ретінде өткізді. Ауған соғысының ардагерлері жастарға ақжолтай тілегін айтып, соғыссыз өмір, бақытты болашақ тіледі. Полиция қызметінің қай жерде, қай кезеңде болмасын аса қажеттілігін жастарға пайымдап, түсіндіріп берген қонақтарымыз жастарға үлкен ой салып, үлгі боларлық, тағылымды дүниелер төңірегінде әсерлі тілектерін айтты. Кездесуде әңгіме болған тақырып тыңдаушыларды бей-жай қалдырмады. Әуесқой ақын Ким Владимир Сергеевич Ауған соғысы туралы өзінің шығарған әндерін орындап, келген қонақтарға ыстық ықыласын білдірді.

Кеш соңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты полиция подполковнигі Ғалия Жанабекқызы Сулейманова Ауған соғысында қазақ жастарының Отан алдындағы борышын өтеуде көрсеткен ерліктері жайлы әңгімелеп берді. Өзінің қорытынды сөзінде сол соғыстан қаншама жастардың мүгедек болып оралғандығын және бейбіт күнде олардың ерлігін бағалап, құрметтеуге, олардың ерлік істерінен  үлгі алуға шақырды. 

Ерлік пен елдікті паш етіп, жастардың рухын көтеріп, білімге, ізгілікке, адамгершілікке баулу мақсатында ұйымдастырылған кездесу жастарды жігерлендіріп, алдағы асуларға тағы бір серпін берді.

Кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы

полиция капитаны Н.Сүлейменов