14.10.2017
2017 жылғы 13 қазанда Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының 2-курс курсанттары курс басшылығымен және топ кураторларымен бірігіп, Ақтөбе қаласындағы «Қарттар мен мүгедектер интернат үйі» мемлекеттік мекемесіне барып қайтты.
1991 жылдан бастап жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары негізінде 1 қазан -«Халықаралық қарттар күні» ретінде аталып өтуде.
Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – мәдениет пен салт-дәстүрдің, аға буынға сый-құрметтің, рух пен патриоттық тәрбиенің құнын жоғалтпау.
Өскелең ұрпақ жақындарының қамқорлығына зәру, қараусыз қалған қарттар мен мүгедектер мәселесіне ат үсті қарамауы керек. Олардың әрбірі қамқорлықты қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан оларға мүмкіндігінше қуаныш сыйлау артық болмас еді.
Курс старшинасы Е.Ж.Боранқұловтың ұйымдастыруымен курсанттар үлкен ынтамен интернат үйінің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Директордың әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары С.К.Нурушева кітапхананың оқу залы мен қолөнер көрмесін таныстыра келе, қарттардың мәдени өміріне ерекше көңіл бөлінетінін және шахматтан, дойбыдан, теннистен турнирлер, конкурстар мен экскурсиялар өткізіліп тұратынын айтты.
Мереке құрметіне орай, интернат үйінің акт залында аталарымыз бен әжелерімізге арналған ән мен жырдан шашу шашылды. 2 – курс басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Т.Ельтаев мерекелік іс-шараның шымылдығын түріп, өзінің қарттарға деген жылы лебізі мен тілегін білдірді.
Мерекелік іс-шарада қазақтың ұлттық билері «Аққу», «Қара жорға» биленіп, жеке орындаудағы «Атамекен», «Арыс жағасында» әндері шырқалды, қасиетті домбырамен күй де шертілді.
Мерекелік іс-шара соңында қарттарымыз курс басшылары мен 2 – курс курсанттарына алғыстарын білдіріп, тілектерін жаудырды.
Директордың әлеуметтік жұмыстары жөніндегі орынбасары С.К.Нурушева мекеме ұжымының атынан алғысхаттар табыс етіп, рахметін айтты.
Курс бастығының
тәрбие жөніндегі орынбасары
полиция капитаны
Ш. Т. Ельтаев