Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде»

21.09.2017

         2017 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесі  Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен облыстағы орыс тілді азаматтар арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбында  белгілі саясаткерлер Досмахамбет Қалқаманұлы Көшім және Расул Жұмалының қатысуымен кездесу кешін өткізді.

         Кездесу модераторы: мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесінің бастығы Ж.Б.Нурмухамбетова.

         Кездесуге саясаткерлермен бірге Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшылығы, институттың басшылығы, жеке және ауыспалы құрам қатысты.

     Ең алдымен Дос Көшім бұл тақырыптың Елбасы сөзі екендігін, және осы атаумен бірнеше жылдардан бері қазақ тілінің мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.

        Саясаткерлердің әңгімесі негізінен қазақ тілінің даму жағдайы, ономастика және латын әліпбиін енгізу мәселелері төңірегінде өрбіді.

        Екі саясаткер де алыс және таяу шетелдердегі тәжірибелерінен деректер мен мысалдар келтіре отырып, салыстырмалы түрде еліміздегі тілдік ахуалды талдады. Сонымен қатар ономастика мәселелері бойынша елді мекендер мен көше атауларының оң бетбұрыстарымен қатар, кемшіл тұстарын көтерді.

Әрине, бүгінгі күні бұқара арасында көптеген сұрақтар мен алаңдаушылықтар туғызып отырған латын әлипбиіне ауысу туралы мәселе де ең өзекті болды. Қызметкерлер мен курсанттар осы мәселелерге байланысты көкейтесті сұрақтарын қойып, қонақтардан тұшымды жауаптар алды.

         Кештің соңында институт басшылығының атынан бастықтың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Д.А.Даулетияров алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстап, өскелең ұрпақтың сана сезіміне патриоттық сезімдерін ұялатуға қосқан үлестері үшін қонақтарға шексіз алғысын білдірді.

                                                                                                 Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімшесі