25.06.2021
2021 жылғы 25 маусымда ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Алтай Бисенұлы Байсултанов, сондай-ақ, қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы аралас (онлайн/офлайн) форматта өткізген “Қылмыстық процесті цифрландыру: болмысы мен болашағы” тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция жұмысына қатысты.
Конференцияның бірінші сессиясының жұмысы барысында ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының м.а. полиция полковнигі А.Б.Байсултанов “Қазақстан Республикасының қылмыстық сот ісін жүргізуде жасанды зердені қолданудың орындылығы, мүмкіндіктері мен перспективалары” тақырыбында баяндама жасады, онда қылмыстық сот өндірісі саласында жасанды зердені пайдалану мүмкіндіктерін, даулы құқықтық мәселелерді шешуге жасанды интеллект технологияларын енгізудің орындылығы мәселелерін талдады, сондай-ақ, қылмыстық процесс шеңберінде жасанды зердені енгізу мүмкіндігінің бағыттарын белгіледі.
Конференцияға Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, Мамандандырылған жоғары оқу орындарының өкілдері мен Германия, Испания, Қытай, Сингапур, АҚШ, Түркия, Ресей және ТМД-ның басқа да елдерінің ғалымдары қатысты. СДТБТ әлеуеті және қылмыстық істерді электрондық форматта тергеудің ерекшелігі; қылмыстық сот өндірісінің үш буынды моделі шеңберінде процестік шешімдерді келісу және қабылдау тетіктері; және т. б. сияқты қылмыстық процесті цифрландырудың өзекті мәселелері жария етілді және талқыланды.
Конференция жоғары ғылыми-практикалық деңгейде өтті, Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісін жүргізуді оңтайландыру және электрондық сот төрелігін дамыту бойынша өзекті ұсыныстар мен ұсынымдар айтылды.












