5.04.2019
2019 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының әкімшілік құқық және ІІО әкімшілік қызметі кафедрасының оқытушысы полиция майоры С.Р.Калипова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының аясындағы және Жастар жылы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Заманауи ғылымның өзекті мәселелері» атты халықаралық конференцияға Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясынан, Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясынан, Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясынан және Ресей ІІМ Омск академиясынан келіп қатысушы курсанттарға, студенттерге, магистранттарға, адъюнктерге ғылыми-тәжірибелік заңгер мектебінің аясында «Көлік нысандарындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды ескерту және жол бермеу» тақырыбында тәжірибелік сабақ өткізді.
Сабақ білім алушылардың құқықтық ереже, көліктегі ішкі істер органдарының ұйымдастырушылық құрылымы, қоғамдық тәртіпті сақтау және көлік нысандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы білімдерін кеңейту, тереңдету және бекіту, нақты жағдайларды шешуде, іс жүргізу құжаттарын жасау барысында әкімшілік заңнамаларының нормаларын қолдану дағдыларын қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Дәріс екі бөлікке бөлінді. Бірінші бөлігі институттың акт залында жүргізіліп, онда оқытушы су, әуе және теміржол көліктері нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету ерекшеліктері туралы айтып берді. Көлік нысандарында мейлінше көбірек таралған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы мысалдар келтірді, сонымен қатар қатысушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылығы туралы кодексімен жұмыс жасап, қажетті баптарды өз бетімен іздену әдісі арқылы құқық бұзушылықтарды саралады.
Сабақтың екінші бөлігі арнайы көлік полигонында өтті. Бұнда тәжірибелік жұмыс рольдік ойын түріндегі әрекет мазмұнында өтті. Еліктеме нысаны ретінде білім алушылар өздері жолаушылар поезы құрамына ілесіп жүруші полиция жасақтарының рөлін ойнады. Одан соң көліктерде жасалатын құқық бұзушылықтарға қатысты жалпы кіріспе тапсырма берілді, олар тапсырма бойынша дұрыс шешім шығарып, патрульдік күзет жасағы жолаушылар поезының вагонынан зорлықпен өлтіру белгілері бар әйелдің мәйітін тапқандығы туралы баянат толтырды. Аталған оқиға туралы материалдар полигонға келген жедел-тергеу тобына тапсырылды. Тергеу тобы ретінде институттың қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының оқытушылары қатысып, келесі сабақты жүргізу эстафетасын қабылдады.
ӘҚжІІО ӘҚ кафедрасының
оқытушысы полиция майоры
С.Р.Калипова











