Актюбинский юридический институт МВД Республики Казахстан им.Малкеджара Букенбаева

Ағылшын тілі – әлем мойындаған жаһандану тілі

27.09.2017

Елбасы 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Үш тілді білу – заман талабы» деп астын сызып айтқан болатын. Десек те,  Елбасы:  «Қазақ тілі үш тілдің  біреуі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы  бола береді» деген. Осыған байланысты біздің мемлекетімізде үш тілді оқуға кезең кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленуде. Бұл Қазақстанның өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін басты негіз болып табылады.  Сондай-ақ, «Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі екі есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды.  2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет»- деген.

Соңғы жылдары тілге деген талап күшейтілгендіктен, әсіресе ағылшын тіліне басты назар аударылып отыр. Елбасының жыл сайынғы жолдаған жолдауларының барлығында да тіл мәселесінің жаңа бағыттары қозғалып отырады.
           Үш тілді қатар меңгеру – бәсекеге қабілетті ел  азаматының  міндеті. Міндет қойылған болса, ол белгілі бір мақсаттардың орындалуына жол ашады. Қазақ халқы табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық. Кеңес  заманында орыс тілі заманның талабы болды. Ендігі алдағы белес – ағылшын тілі. Біздің мақсатымыз – ағылшын идеологиясын  сіңіріп, ағылшын  болып өмір сүру емес, ағылшын тілін үйрену. Барлығын қазақтың менталитетіне сыйымды етіп жасау.

Қазіргі таңда әлемнің дамыған мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді  маңызды міндет деп санайды. Қазақ елі өркениеттен қалмай дамып келеді. Басқа мемлекеттер сияқты біздің мемлекет те әлемдік аренадан орын алуы тиіс. Үш тілді меңгерту мектептерде мықтап қолға алынғалы қашан, ендігі кезекте балабақшада да үйретуге көшіп кеткенбіз.

 «Үштұғырлы тіл» саясатына құқық қорғау органдары да өз үлесін қосып келеді. Айта кететін болсақ,  Қазақстан Республикасының ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының жалпы білім беру пәндері кафедрасының доценті полиция полковнигі Есмамбетова Жанат Мынбаевна профессорлық-оқытушылық құрамын екі топқа бөліп  ағылшын тілін (бастауыш және жалғастырушы) үйретуде.  Сонымен қатар,  оқытушылар ашық сабақтарды да ағылшын тілінде өткізуге тырысып бағуда. Өткізілген сабақтар мен жасалған жұмыстар туралы ақпараттар біздің институтымыздың сайтында  үш тілде жариялануда.

Елбасымыздың «Үштұғырлы тіл» саясатын әрі қарай дамыту үшін институтымыздың профессорлық-оқытушылық құрамы талмай еңбек етуде.

Қорытындылай келе, әлемде екінші ұстаз, ұлы ғұлама Әбу-Насыр  Әл-Фараби өмірінде 76 ұлттың тілін білгенін айта кеткен жөн. Ол түркі халқына ортақ аңыз адам. Біздің еліміздің де азаматтары мен азаматшалары мемлекет іргесінің мығым болуына үлкен үлес қосатын, ел ертеңі үшін қызмет ететін тұлғаға айналуы тиіс.

 

 

 

 

 ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы

 Ақтөбе заң институты

жалпы білім беру пәндері

кафедрасының оқытушысы

полиция капитаны Г.Ж.Уайсова