4.04.2026
2026 жылдың 30 наурыз – 04 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінен келген ювеналдық полиция қызметкерлері үшін «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Аталған курс кәмелетке толмағандардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасында кездесетін деструктивті мінез-құлықтың алдын алу және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында өткізілді.
Курс бағдарламасы қазіргі қоғамдағы өзекті әлеуметтік-психологиялық мәселелерді ескере отырып әзірленді. Оқыту барысында тыңдаушылар кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың негізгі себептері мен қауіп факторларын анықтау, тәуекел тобындағы жасөспірімдерді ерте кезеңде тану, алдын алу шараларын тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ дағдарыстық жағдайларда кәсіби әрі жедел әрекет ету бағыттары бойынша теориялық және практикалық білім алды.
Сабақтар барысында суицидтік мінез-құлықтың психологиялық ерекшеліктері, жасөспірімдердің эмоционалдық күйзеліс белгілері, отбасылық жанжалдардың, буллингтің, әлеуметтік желілердің және қоршаған ортаның кері ықпалы жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар тыңдаушыларға балалармен және олардың ата-аналарымен сенімді қарым-қатынас орнату, психологиялық қолдау көрсету, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және ведомствоаралық өзара іс-қимылды үйлестіру мәселелері бойынша тәжірибелік ұсынымдар берілді.
Оқыту процесінде интерактивті әдістер кеңінен қолданылды. Атап айтқанда, кейстік тапсырмалар, тренингтер, тәжірибелік жаттығулар және нақты жағдайларды модельдеу арқылы қызметкерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. Тыңдаушылар суицидтің алдын алу бағытында білім беру ұйымдарымен, денсаулық сақтау мекемелерімен, психологтармен және әлеуметтік қызметтермен бірлесіп жұмыс жүргізудің тиімді тетіктерін талқылады.
Курс қорытындысы бойынша барлық тыңдаушыларға оқу бағдарламасын сәтті аяқтағандарын растайтын арнайы сертификаттар табысталды.








