19.02.2026
2026 жылғы 19 ақпан күні ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында 2-курс курсанттары мен тыңдаушыларға арналған «Оқырмандар алаңы» тақырыбында тәрбиелік-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараның негізгі мақсаты — жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың рухани дүниесін байыту және көркем әдебиет арқылы адамгершілік құндылықтарды насихаттау.
Іс-шара барысында институт бастығының орынбасары полиция полковнигі А.Сахарбай сөз сөйлеп, кітап оқудың тұлғаның жан-жақты дамуына тигізетін ықпалына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде қазіргі заманда ақпараттың көптігіне қарамастан, кітаптың орны бөлек екенін атап өтіп, курсанттарды бос уақыттарын тиімді пайдаланып, әдеби шығармаларды тұрақты түрде оқуға шақырды. Сонымен қатар, кітап оқу — болашақ құқық қорғау қызметкерлерінің кәсіби ойлау қабілетін жетілдіріп, дүниетанымын кеңейтетін маңызды құрал екендігі айтылды.
Шара аясында Жалпы білім беретін пәндер кафедрасының оқытушысы, «Бір ел – Бір кітап» ғылыми үйірмесінің жетекшісі Е.Н. Нурланов үйірме мүшелерімен бірлесе отырып, курсанттар мен тыңдаушылар арасында әдеби шығармаларды талқылау алаңын ұйымдастырды. Талқылау барысында көрнекті жазушы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы мен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» кеңінен қарастырылды.
Қатысушылар аталған шығармалардың мазмұнына талдау жасап, олардың тәрбиелік – танымдық маңыздылығы туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, «Волоколамск тас жолы» шығармасындағы ерлік, тәртіп пен жауапкершілік тақырыптары болашақ тәртіп сақшылары үшін маңызды өнеге ретінде қарастырылды. Ал, Абайдың қара сөздеріндегі адамгершілік, білім мен тәрбие туралы ойлар курсанттардың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етті.
Шара барысында курсанттар өздерінің оқыған шығармалары бойынша пікір алмасып, әдеби талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз көзқарастарын білдірді. Мұндай еркін пікір алмасу алаңы олардың сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, өз ойын нақты әрі дәлелді жеткізе білу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.














