19.02.2026
ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында ақпараттық саясат бөлімшесінің ұйымдастыруымен ақиық ақын, поэзия әлемінің шебері, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!» атты әдеби-сазды поэзиялық кеш өтті.
Тағылымды шараның басты мақсаты – ақын мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, оның өміршең жырлары арқылы курсанттардың рухани дүниесін байыту, отансүйгіштікке, адамгершілікке, елге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу болды.
Ақынның «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!», «Үш бақытым», «Туған жер», «Отан» сынды жүрекке жақын өлеңдері курсанттар орындауында оқылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, әдеби-сазды композициялар қойылды.
Поэзиялық кеште Мұқағали шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, оның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы мазмұнды деректер айтылды. Аталған рухани шара жас буынның ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, поэзия әлеміне деген сүйіспеншілігін тереңдете түсті.














