Aktobe law institute of the Ministry of Internal Affairs of the Republic of Kazakhstan named after M. Bukenbaev

Республика күні мерекесі аталып өтті

24.10.2023

Институтта 25 қазан – Республика күнін мерекелеуге арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Таңғы саптық жиын кезінде институттың жеке құрамы мен алғашқы кәсіби даярлық курсының тыңдаушылары мемлекеттік Әнұранды орындап, ту ұстаушылар тобы көк байрағымызды салтанатты шерумен алып шықты. Институт бастығы полиция полковнигі Н. Мұхаметқалиев жеке құрамды ұлттық мереке Республика күнімен құттықтап, 2 айлық қажетті теориялық және практикалық дайындықтан өтуге келген тыңдаушыларға сәттілік тіледі.

Саптық жиын жас офицерлердің Ант қабылдау рәсімімен жалғасты. Құқық қорғау қызметіне орналасып жатқан полиция лейтенанттары өздеріне жүктелген міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен атқаруға ант берді.

Сонымен қатар оқу ордамызда институт басшылығы мен ардагерлерінің, жеке құрамның қатысуымен салтанатты жиын өтті. Институт бастығы полиция полковнигі Н. Мұхаметқалиев елдігімізді айшықтайтын, ұлттық рухымызды көтеретін мерекенің маңызы зор екендігіне тоқталып, құттықтау лебізін білдірді. Қызметкерлердің назарына Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтің құттықтау хаты оқылды. Жиын барысында қызметтік міндеттерін адал атқарып, институттың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар қызметкерлеріне арнаулы атақтар, грамоталар табысталды. Мерекелік шара барысында патриоттық әндер шырқалып, концерттік бағдарламаға ұласты.