24.06.2026
2026 жылғы 24 маусымда мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған «Болашаққа қазақ тілімен» іс-шаралар жоспарының аясында арнайы-тактикалық даярлық кафедрасының бастығы полиция полковнигі Е.Е. Туребековтың ұйымдастыруымен 1-курс курсанттарының қатысуымен «Әскери және арнайы тактикалық салада қазақ тілінің қолданылуы» тақырыбында оқу семинары өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – болашақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мемлекеттік тілді кәсіби қызметте еркін қолдану дағдыларын қалыптастыру, әскери және арнайы тактикалық терминологияны меңгеру деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің құқық қорғау саласындағы рөлін насихаттау.
Семинар барысында қазақ тілінің әскери және арнайы-тактикалық дайындықтағы маңызы кеңінен талқыланды. Қатысушыларға қызметтік құжаттарды рәсімдеу, арнайы операцияларды жоспарлау және басқару кезінде мемлекеттік тілді сауатты қолданудың ерекшеліктері түсіндірілді. Сонымен қатар, курсанттар кәсіби терминдердің қазақ тіліндегі баламаларымен танысып, тәжірибелік тапсырмалар орындады.
Полиция полковнигі Е.Е. Туребеков өз сөзінде мемлекеттік тілді жетік меңгеру – әрбір құқық қорғау органы қызметкерінің кәсіби міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол қазақ тілінің қоғамдағы біріктіруші күш ретінде маңызын айқындап, қызмет барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың қажеттілігіне тоқталды.
Семинар курсанттардың белсенді пікір алмасуымен жалғасып, олардың кәсіби даярлығы мен тілдік құзыреттілігін дамытуға оң ықпал етті. Мұндай іс-шаралар жас мамандардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттырып қана қоймай, болашақ қызметінде оны тиімді қолдануға бағыт-бағдар береді.
















