25.05.2026
2026 жылғы 25 мамырда Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының оқытушысы полиция подполковнигі Л.Төребекова 2 курс курсанттарына «Қылмыстық құқық терминологиясы: дұрыс қолдану – кәсіби міндет» атты ашық әңгіме алаңын өткізді.
Алаңның негізгі мақсаты – болашақ заң қызметкерлерін кәсіби терминдерді дұрыс, нақты және орынды қолдануға баулу, олардың құқықтық тіл мәдениетін арттыру болды. Болашақ заңгерлердің кәсіби тілін қалыптастыру – жай ғана грамматика емес, заң нормаларының дәл қолданылуы мен әділ сот төрелігінің кепілі. Алаңда сөз алған курсанттар нақты іс үлгілері арқылы терминологиялық қателердің қандай салдарға апарғанын талдады.
Ашық әңгіме алаңы курсанттарда терминологиялық сауаттылыққа деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, болашақ заңгерлердің кәсіби тілін жетілдіруге ықпал ете отырып, аталған бағытта тұрақты оқу-тәрбие жұмысын жалғастыру қажеттігін айқын көрсетті. Терминді дұрыс қолданбау – тек тіл қатесі емес, ол қылмыстық жауаптылықты саралаудағы іргелі қателікке, тіпті адамның тағдырына кері әсер ететін салдарға апаруы мүмкін.
Қылмыстық құқық нормаларын қолдану барысында әрбір термин нақты құқықтық мазмұнға ие. Мысалы, «қылмыс құрамы», «кінә нысаны», «жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар», «рецидив», «қоғамға қауіпті іс-әрекет» – бұл ұғымдар тек атаулар емес, нақты құқықтар мен міндеттерді, сондай-ақ жазаны дараландыруды белгілейтін материалдық-құқықтық санаттар. Оларды шатастыру немесе орынсыз қолдану – қылмысты саралауда елеулі бұзушылыққа әкелуі ықтимал.








