17.03.2026
2026 жылғы 17 наурызда ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының 30 жылдық мерейтойына орай «М.Бөкенбаев ерлігі – ұрпаққа үлгі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ел тарихында өшпес із қалдырған М.Бөкенбаевтың ерлігін кеңінен насихаттау, оның өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ курсанттардың бойында отансүйгіштік, батырлық, азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру болды.
Аталған маңызды іс-шараға Екі Мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Ж. Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының бастығы, философия докторы (PhD) Б.Б. Байшов, Ішкі істер органдарының ардагері, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті, философия докторы (PhD) М.Қ. Исламов, сондай-ақ батыр М.Бөкенбаевтың туыстары Б.Ж. Букенбаева мен М.М. Букенбаев қатысты. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Республикасы Ауған соғысы ардагерлерінің орталық кеңесінің төрағасы, «Қазақстан әкелері қоғамдастығының» құрылтайшысы және өзге де қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сала мамандары, ішкі істер органдарының ардагерлері мен институт курсанттары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар М.Бөкенбаевтың ерлік жолы, оның ел тарихындағы орны мен маңызы туралы ой қозғап, батырдың өмірінен тағылымды мысалдар келтірді. Спикерлер өз баяндамаларында жастарға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын атап өтіп, қазіргі қоғамдағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне ерекше тоқталды.
Іс-шара аясында мазмұнды пікір алмасу өрбіді. Қатысушылар батырлар ерлігін ұлықтау, тарихи жадыны сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу бағытында нақты ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, курсанттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ашық диалог алаңы қалыптасты.
Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беріп, елге адал қызмет ететін, отансүйгіштік рухы жоғары, білікті мамандарды қалыптастыруға зор ықпал етеді.














