Aktobe law institute of the Ministry of Internal Affairs of the Republic of Kazakhstan named after M. Bukenbaev

12.12.2024

12 желтоқсан күні С. Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебеп кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Желтоқсан көтерілісін көзбен көрген, тарихи оқиғаға куә болған адамдармен кездесе отырып, жас ұрпақ бойына еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатында «Ата-бабам аңсаған-Тәуелсіздік!» тақырыптық кеш өткізді.

Шара қонақтары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Б.Жүнісов, Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының мүшесі Б.Б.Бураханова-Кубекова, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті, «Қоғамдық – гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті Б.А.Молдин халқымызға ғасырлар бойғы арман болған, бұл күн-Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі екендігін айтты. Осынау күннің қасіретін еске алып, қыршын кеткен қазақ жастарының ерлігі жайында сөз сөйледі.

Шара барысында оқырмандар назарына «Азаттық таңы жолында»
тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Желтоқсан оқиғасының тарихын сипаттаған бейне баян көрсетілді. Институттың алғашқы кәсіби даярлық курсының тыңдаушылары Желтоқсан оқиғасы куәгерлерінің тағылымы мол әңгімелерінен рухани әсер алды.