Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

Полиция қатары жас офицерлермен толықтырылды

21.05.2022

Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты қызмет еткен жылдары ішінде, жыл сайын, еліміздің түрлі аймақтарында абыройлы қызмет атқарып жүрген, өздерінің парызы мен антына адал офицерлер тәрбиелеп шығарғандығы туралы мақтанышпен айта аламыз. Биыл институтты 120 курсант тәмәмдады, оның ішінде 4 курсант қызыл дипломмен бітірді. Институт бітіруші жастар, дипломдарын алып, «полиция лейтенанты» шенімен Қазақстан Республикасының аймақтық ішкі істер органдарында еңбек жолдарын бастамақшы. Осы бір күн-дипломды қолға алу сәті, әрбір бітіруші курсанттың естен кетпес ерекше күні. Институт қабырғасында өткен төрт жылдық оқу, күнделікті оқу-жаттығулар, сапта тұру мен темірдей тәртіпке үйреткен институт алаңы олардың жадында сақталары сөзсіз.

Институт түлектерінің қоштасуы «Кешкі шапақ» іс-шара рәсімін өткізумен басталды. Институт басшылығы болашақ ішкі істер қызметкерлеріне сәт-сапар тілеп, «полиция лейтенанты» шенімен құттықтады. Саптық, патриоттық әндер шырқалып, отшашулар шашылды.  Өмірде қайтып келмейтін, қайта айналып соқпайтын бақытты бір сәттер болады. Бүгін сондай бір кездің куәгері болдық. Қуанышты сәт пен қимастық сезім әрбір түлектің жүзінен байқалып тұрды.  Келесі күні М.Бөкенбаев атындағы заң институтында, бітіруші түлектерге диплом беруге арналған  салтанатты іс-шарамен жалғасты. Салтанатты іс-шарада Кеңес Одағының батыры М.Бөкенбаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, батыр рухына тағзым етілді. Салтанатты іс-шараның жалғасы институттың саптық алаңында өз жалғасын тапты. Салтанатты жиынға құрметті қонақтар Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары А.М.Купенов,  Ақтөбе облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғ.М.Байжанов, ІІО ардагері, институттың Ардагерлер кеңесінің төрағасы В.А.Сюняков қатысты. Түлектердің қуанышын бөлісуге, институт қызметкерлеріне алғыс-тілектерін жеткізу үшін, Қазақстанның әр аймағынан ата-аналары мен жақын туыстары жиналды. Жиналған көпшіліктің бар назары осы алаңдағы түлектерде, ал олар нағыз батырлардай сап түзеп тұр. Аспаптық оркестрдің сүйемелдеуімен институт  туы салтанатты түрде әкелінді. Оқу ордасын бітіруші түлектер алған білімдерін әрі қарай шыңдап, Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, сенім білдіріп, «полиция лейтенанты» алғашқы арнайы атағын беру туралы бұйрық оқылып, дипломдар табыс етілді. Институт бітірушілерге құттықтау тілектер айтылды. Институт бастығы полиция полковнигі А.Б.Байсұлтанов түлектерді айтулы күнмен құттықтау сөз сөйлеп, – «Құрметті түлектер бүгін сіздер елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын күзететін, олардың тыныш ұйқысын қамтамасыз ететін жауапты қызметкер атанып отырсыздар. Сіздер бүгіннен бастап халыққа адал қызмет ететін-полиция қызметкерісіздер. Иықтарыңызға тағылған жұлдызшаларыңыздың өзі жауапкершілікті жүктейді. Институтымызға аты берілген Кеңес Одағының батыры Малкеджар Бөкенбаевтың есіміне лайық болып, ар-намысқа кір келтірмей, Отанымыз үшін абыройлы қызмет ететіндеріңізге сенім білдіреміз», -деп сәт сапар тіледі.  Ал түлектердің ата-аналары атынан А.Жиенбаева өз тілегін білдіре отырып, бүгінгі таңда сұранысқа сай мамандар дайындап шығудағы орасан зор жұмыс атқарып отырған институт басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамға ата-аналардың алғысын жеткізіп, түлектерді құттықтады. Мұнан соң, сөз алған оқу орнын үздік аяқтаған жас түлек, жас офицер А.Сүндетқалиева курстастарын қуанышты күндерімен құттықтай отырып барлық бітіруші түлектер атынан институт басшылығына, білім мен тәртіпке баулыған оқытушылық-профессорлық құрамға шексіз алғысын жеткізді. Бағдарлама барысында салтанатты сап түзеу, оркестрдің сүйемелдеуімен саптық маршпен жүру ұсынылды. Бітіруші түлек Айдосқызы Назым «Атамекен»әнін қалықтата шырқап, әсіресе жас жеткіншектер №41 Ф.Оңғарсынова атындағы мектеп-гимназиясының кадеттерінен құралған хор патриоттық әндер орындап, көрермендер ықыласына бөленді.  Дәстүр бойынша түлектерге Институттың Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Мұндай құрмет түлектер атынан институтымыздың мақтанышы, белсенді түлек, полиция лейтенанты Қанат Өмірзаққа бұйырды.   Тәуелсіз елдің офицерлері бойларын тік ұстап,сап құрап, салтанатты шерумен жүріп өтті. Салтанатты жиын соңында бітіруші түлектер институт ауласына гүлдер, көшеттер отырғызып, өздерінің атынан ескерткіш тақта орнатты. Диплом беру салтанатты рәсіміне арнайы келген ата-аналар  ұлының ер жетіп, қызының бой түзегенін көріп, кеуделерін мақтаныш сезімі кернеді.  

Алуа Жетесова

Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің инспекторы