Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК МЕКТЕБІ -БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН АРТТЫРУ ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ

5.12.2022

Әрбір күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде оқу процесіндегі басты міндет – замана көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай жас оқытушыларға заманауи сабаққа қойылатын талаптарды меңгерте отырып, белсенділіктерін арттыру, ақыл-ой, таным қабілеттерін дамыту.

Институтта жұмыс істейтін жас оқытушылардыңпедагогикалық шеберлігін арттыру, тәрбиелеу мақсатында «Педагогикалық шеберлік мектебі» өз қызметін жүзеге асырып келеді. Шеберлік мектебінің жоспарына сәйкес 2022 жылғы 5-ші желтоқсанда жалпы заң пәндері кафедрасының бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Ибраева Айгуль Касымбековна«Заманауи сабаққа қойылатын талаптар: сабақтың негізгі кезеңдері, әдістерді таңдау және оқыту тәсілдері» тақырыбында дәріс өткізді.

Дәрісте: сабақтың негізгі кезеңдері, әдістерді таңдау, оқыту тәсілдері, оқытушының өз сабағын талдауы, сабақтағы жұмыстың оңтайлы қарқыны мен ритмі, ұйымдастырушылық-әдістемелік талаптар, сабақ өткізу үшін әдістемелік өңдеуді дайындау, оқу сабағының психологиялық жайлылығын құру туралы сұрақтар кеңінен талданып, заманауи оқытушы моделі туралы ой түйінделді.

Бүгінгі заман оқытушысы қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін, жан-жақты білімді, жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген,біліктілігі жеткілікті дәрежеде өсіп, кәсіби шеберлік шыңына талпынған тұлға иесі. ХХІ ғасырдың басында Ж.Аймауытов: «Сабақ беру- үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол- жаңадан жаңаны табатын өнер»,- деген екен. Оқытушы уақытты өткізу үшін әдістер қолданбайды, сабақ мақсатына жету үшін, әр жүрекке бір сәуле жағу үшін әдістер пайдаланады.